Құдай бар ма?

Құдай бар ма? Мұнда Құдай шынымен бар екендігіне сенуге негіз болатын алты нақты себеп бар.

Авторы: Мэрилин Адамсон

Бір рет болса да біреу сізге Құдайдың бар екендігінің дәлелдерін көрсетуін қаламайтын ба едіңіз? Қыспаққа алу жоқ. «Сіз тек сенуіңіз керек» деген талап та емес. Бірақ, Құдайдың бар екенін көрсететін кейбір себептерді ашық түрде ұсынуға тырысамыз.

Алдымен бұл туралы ойланып көріңіз. Құдайдың бар болу мүмкіндігіне қатысты жеткілікті дәлелдерді көрген адамдар бар деп Киелі кітапта жазылған, бірақ олар Құдай туралы шындықты жоққа шығарды.1 Екінші жағынан, егер Құдай бар болса, оны білгісі келетіндер үшін, ол өз сөзін былай деп арнап жазған, «Егер де Маған шын жүректен бет бұрып сиынып Мені іздесеңдер, табасыңдар. Сонда Мен сендерге Өзімді тапқызамын!»2 Оның бар болуына қатысты фактілерді қарастырмас бұрын, өзіңізден сұраңыз: егер Құдай бар болса, мен оны білгім келеді ме? Міне, мұнда кейбір себептер қарастырылған…

1. Біздің ғаламшарымыздың күрделілігі біздің ғаламды құрып қана қоймай, бүгінде оны ұстап тұрған Дизайнерге нұсқайды.

Құдайдың жоспарын көрсететін көп мысалдар болуы мүмкін, және ол сансыз көп болатын да шығар. Бірақ мұнда бірнешеуін келтіріп отырмын:

Жер… оның мөлшері мінсіз. Жердің өлшемі мен оған сәйкес гравитациясы азот пен оттегі газдарының жұқа қабатын қалыптастыруға сай келуде, сол қабаттың шегі тек Жер бетінен шамамен 50 миль қашықтықта орналасқан. Егер де Жер осыдан кішірек болса, Меркурий планетасындағы сияқты атмосфера болмас еді. Егер жер осыдан үлкенірек болғанда, онда оның атмосферасы Юпитердегідей бос сутегіден тұратын еді.3 Жер - өсімдіктер, жануарлар мен адам өмірін сақтау үшін газдардың дұрыс қоспасының атмосферасымен жабдықталған жалғыз белгілі планета болып табылады.

Жер күннен дұрыс арақашықтықта орналасқан. Егер де біз кездестіретін температуралық ауытқулар шамамен -30 градустан +120 градусқа дейін болатындай қарастырсақ, елестетіп көріңіз не болатынын. Егер Жер күн сәулесінен алысырақ орналасқан болса, біз бәріміз мұздап қататын едік. Қалайда жақын орналасқанда біз өртеліп кететін едік. Тіпті Жердің Күнге қатысты орналасуындағы салыстырмалы өзгеріс Жердегі өмірді болдырмас еді. Жер күнді айналғанда шамамен 67.000 миль жылдамдықпен жүреді, және Жер мен күннің арасындағы бұл мінсіз арақашықтық өзгермей қала береді. Ол сондай-ақ өз өсі бойынша да айналады, Жердің бүкіл бетін күн сайын дұрыс жылытып және салқындатып отыруға мүмкіндік береді.

Біздің ай - оның гравитациялық тартылысы үшін Жерден мінсіз қашықтықта орналасқан және өлшемі де сай келеді. Айдың мұхиттық толқындар мен қозғалыстарды жасауы керемет, сондықтан мұхит сулары тоқырап кетпейді, ал біздің мұхиттарымыз құрлықтарға төгіліп кетуден сақтандырылған.4

Су… түссіз, иіссіз және дәмі жоқ, бірақ онсыз кез келген тіршілік иесі өмір сүре алмайды. Өсімдіктер, жануарлар мен адамдар негізінен судан тұрады (адам денесінің үштен екісі судан құралған). Судың сипаттамалары өмірге неліктен бірегей болып сәйкес келетінін көресіз:

Оның қайнау нүктесі мен мұздау нүктесі арасында кең таралу бар. Су біздің денемізді тұрақты 98,6 градуста (Фаренгейт бойынша – ауд.) сақтай отырып, температура ауытқып отыратын ортада өмір сүруге мүмкіндік береді.

Су - әмбебап еріткіш. Судың бұл қасиеті әртүрлі химиялық заттардың, минералдар мен қоректік заттардың біздің денемізге таралып және ең жіңішке қан тамырларына дейін тасымалдануына мүмкіндік береді.5

Су химиялық жағынан бейтарап. Денедегі заттардың сыртқы қабатына әсер етпестен, су азық-түлікті, дәрі-дәрмектерді және минералдарды сіңіріп, дененің қолдануына мүмкіндік береді.

Судың бірегей бет кернеуі бар. Сол себептен өсімдіктердегі өмір беретін су, ең жоғарғы ағаштардың үстіне дейін көтеріліп қоректік заттарды ауырлық күшіне қарамастан жоғарыға тасымалдай алады.

Су жоғарыдан төменге дейін мұздатылады және мұз су бетінде қалқып жүреді, сондықтан балық қыста өмір сүре алады.

Жер суларының тоқсан жеті пайызы ол мұхиттар. Бірақ біздің жерімізде судан тұзды алып тастайтын жүйе бар, содан кейін бүкіл жер бетіне бұл суды таратады. Булану мұхит суларын алып, тұзды қалдырады да, бұлттар жасайды және бұлттар желдің күшімен жеңіл қозғалып, жер бетіне, өсімдіктерге, жануарларға және адамдарға суды жеткізіп отырады. Бұл планетада өмірді сақтауға бағытталған тазарту және қамтамасыз ету жүйесі - қайта өңделетін және қайта пайдаланылатын су жүйесі.6

Адамның миы… бір уақытта таңғажайып көлемде ақпараттарды өңдейді. Сіздің миыңыз сіз көрген барлық түстер мен объектілерді, айналаңыздағы температураны, аяғыңыздың еденді басқандағы қысымын, айналаңыздағы дыбыстарды, ауыздың құрғауын, тіпті сіздің пернетақтаңыздың текстурасын қабылдайды. Сіздің миыңыз барлық сезімдеріңізді, ойларыңызды және естеліктеріңізді сақтайды және өңдейді. Сонымен бірге сіздің миыңыз тыныс алудың, қабақтың қозғалысын, аштық пен қолыңыздағы бұлшық еттердің қозғалысы сияқты денеңіздің тұрақты функцияларын бақылайды.

Адам миы секундына миллионнан астам хабарларды өңдейді.7 Сіздің миыңыз осы деректердің маңыздылығын бағалайды, салыстырмалы түрде маңызды еместеріне сүзгі жасап отырады. Осындай скрининг функциясы сізге осы әлемде тиімді жұмыс істеуге және ақпаратты тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін нәрсе. Мидың басқа органдарға қарағанда өзгеше қызметі бар. Бұл ақыл, ойлау қабілеті, сезім тудыратын, армандайтын, жоспарлайтын, әрекет жасайтын және басқа адамдармен байланыс жасайтын мүше.

Көз… жеті миллион түсті айыра алады. Ол автоматты түрде назарымызды керек нәрсеге аударып, 1,5 миллион хабарды бір мезгілде басқарады.8 Эволюция қазіргі организмдерден шыққан мутацияларға және өзгерістерге негізделеді. Дегенмен, эволюция көздің немесе мидың неден және қалай қалыптасқанын толық түсіндірмейді – мысалы, тірі ағзалардың өмірі жоқ заттардан қалай басталғанын.

2. Ғаламның бастамасы болған - оған не себеп болды?

Ғалымдар біздің ғаламымыз «Үлкен жарылыс» деп аталатын бір үлкен энергия мен жарық жарылысынан басталғанына сенімді. Бұл барлық бар нәрсенің бастамасы болды деп сенеді: ғаламның басталуы, ғарыштың басталуы, тіпті уақыттың санауы да содан бастау алған дейді.

Астрофизик Роберт Джастроу, өзінің айтуынша агностик, былай деп жазды: «Әлемде орын алған кез келгеннің дәні сол бір сәтте себілді: әрбір жұлдыз, әрбір планета және Әлемдегі барлық тіршілік иелері ғарыштық жарылыс сәтінде қозғалысқа келіп, сол іс-шаралар нәтижесінде пайда болды… Ғарыш кенеттен пайда болды және біз бұл жағдайға не нәрсе қозғау салғанын біле алмаймыз».9

Стивен Вайнберг, Физика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, осы жарылыс сәтінде «Ғаламның температурасы жүз мыңдаған миллион градус болды … және әлем жарыққа толы болды» дейді.10

Әлем үнемі болған емес. Оның бастамасы болған - оған не себеп болды? Ғалымдар жарық пен заттың кенеттен болған жарылысына ешқандай түсініктеме бере алмады.

3. Ғалам жаратылыстың бірыңғай заңымен әрекет етеді. Неліктен солай?

Өмірдің басым бөлігі белгісіз болып көрінуі мүмкін, бірақ күнделікті санауға болатын нәрселерді қарап көрейікші: гравитация тұрақты болып қалады, бөлмеде қалдырылған ыстық кофе суи бастайды, жер 24 сағат ішінде айналады және жарық жылдамдығы Жер бетінде немесе бізден алыста галактикаларда өзгермейді, тұрақты.

Біз ешқашан өзгермейтін табиғат заңдарын қалай анықтай аламыз? Неге ғаламат соншалықты реттілікке бағынады, соншалықты тұрақты?

«Ең ұлы ғалымдарға бұл таңқаларлық нәрсе әсер етті … Әлемнің математика ережелеріне бағынуына, ережелерге бағынуына ешқандай логикалық қажеттілік жоқ … Бұл таңқаларлық нәрсе ғалам үшін осы жолмен жүрудің қажеті жоқ екенін мойындаудан туындайды. Кез-келген жағдайы тез өзгеріп кететін, тұрақты емес ғаламды, тіпті анда мынада пайда болатын әлемді де елестету оңай».11

Кванттық электродинамика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Ричард Фейнман былай дейді: «Табиғат математикалық заңдылыққа бағынатыны құпия болып табылады … Барлық нәрселерге қатысты ережелердің болуы керемет».12

4. ДНҚ коды жасушаның мінез-құлқын алдын ала қалыптастырады.

Барлық нұсқаулар, барлық оқыту, барлық жаттығулар ниетпен жасалады. Нұсқаулықты жазған адам бір мақсатқа сай істейді. Денедегі әрбір жасушада кішкене компьютерлік бағдарламаға ұқсайтын өте егжей-тегжейлі жазылған нұсқау коды бар екенін білесіз бе? Білетін шығарсыз, компьютер бағдарламасы 110010101011000 сияқты бірлік пен нөлдерден тұрады. Олар ұйымдастырылған тәсілі арқылы компьютерлік бағдарламаға не істеу керектігін айтады. Әр жасушадағы ДНҚ коды тура сол сияқты. Бұл ғалымдар A, T, G, C сияқты қысқартқан төрт химиялық заттардан тұрады. Олар келесідей адам жасушасына орналастырылған: CGTGTGACTCGCTCCTGAT және т.с.с. Әр адам жасушасында үш миллиард осындай әріптер бар!

Телефоныңыздың белгілі бір себептермен дыбыстық сигнал беруін бағдарламалауға болатын сияқты, ДНҚ да жасушаға нұсқау береді. ДНҚ - бұл үш миллиардтық әрібі бар бағдарлама. Бұл толық нұсқаулығы бар кітапша.13

Неге бұл соншалықты таңғалдырады? Әр адамның жасушасында осы ақпараттық бағдарлама қалай пайда болды … деген сұрақ туады? Бұл жай ғана химиялық заттар емес. Бұл адамның денесі қалай дамуы керек екенін өте нақты түрде көрсететін, коды бар химиялық заттар.

Бағдарламаланған ақпарат қосылған кезде түсіндірме ретінде қарастырылған табиғи, биологиялық себептер толығымен жеткіліксіз болып қалады. Мұндай нұсқаулықты, дәл осындай ақпаратты дәлме-дәл оны жасаған адам болмаса, онда таба алмайсыз.

5. Құдайдың бар екенін білеміз, өйткені ол бізді іздейді. Біздің оған келуімізге Ол үнемі бізге қозғау салып, бізді іздейді.

Мен бір кезде атеист болғанмын. Көптеген атеистер сияқты, Құдайға сенетін адамдардың мәселесі мені қатты алаңдататын. Атеистердің көп уақытты, көңіл мен энергияны біз өзіміз жоқ деп санайтын нәрсені жоққа шығару үшін арнағаны туралы не айтуға болады?! Осыны істеуге бізді не талпындырады? Мен атеист болған кезімде, өз ниетімді осы бейшара, ақымақ адамдарға қамқорлық ретінде түсіндіруге арнадым … олардың үміттерінің мүлдем негізсіз екендігін түсінулеріне көмектесу үшін жұмсадым. Шынын айтсам, менде тағы бір себеп болды. Мен Құдайға сенгендерді сынаған кезімде, олар мені басқаша сенуге көндіре алар ма екен деген ой мені қатты қызықтырды. Менің ізденуімнің бір бөлігі Құдайға қатысты сұрақтан босатылу болды. Егер мен шынымен сенушілерге олардың қателесіп жатқанын дәлелдейтін болсам, онда мәселе шешіліп, мен өміріммен өз еркіммен айналыса алатын болатын едім.

Құдайдың өзі бұл мәселені шешу үшін маған Құдай туралы тақырыпты менің ойыма үлкен салмақ ретінде салып жатқанын мен түсінбедім. Кейін мен түсіндім, Құдайдың өзі танымал болғысы келеді. Ол бізді оны танып білуіміз үшін жаратқан. Ол бізді өзіне қатысты дәлелдермен қоршап алады және оның жаратқанына қатысты сұрақты үнемі алдымызға әкеліп отырады. Мен өзімді Құдайдың бар екендігіне қатысты ойдан аулақ бола алмаған сияқты сезіндім. Шындығында, Құдайдың бар екенін мойындаған күнімде, менің мінажатым былай басталды: «Жақсы, сен жеңдің …». Атеистердің Құдайға сенетін адамдарға қатысты қызығушылық танытуларының негізгі себебі – мүмкін Құдай оларды белсенді түрде қолданатын шығар.

Мен жалғыз өзім ғана осындай сезімде болмадым. Социалистік және философиялық жазушы Мальком Муггерридж: «Мен қандай да бір жолмен ізденістен басқа мені аңдып жүргендей өзімді сезіндім», - деп жазды. К.С. Льюис есіне алып, былай деп жазған: «… әрбір түн өткен сайын, менің ақыл-ойым өз жұмысымнан бір секундқа болса көңіл аударғанда, Оның тұрақты жүрегімді тебіренткені кездесуді қаламағанның өзінде жүрегімде сезіліп жатты. Ақыры мен Құдайдың Құдай екенін мойындап, тізе бүгіп, дұға еттім: бәлкім, сол түні, Англиядағы ең қайғы қасіретке толы және ынтасыз күнәкар мен болған шығармын».

Льюис Құдайды білудің нәтижесі ретінде «Қуанышпен таңғалған» атты кітабын жазуды кейін бастаған. Менің де Құдайдың бар екендігін мойындағаннан басқа ешқандай үмітім қалмады. Алайда бірнеше ай өткеннен кейін оның мені қаншалықты сүйетіндігіне қайран қалдым.

6. Құдайдың кез-келген басқа аяндарына қарағанда, Иса Мәсіх - Құдайдың өзін бізге айқын көрсететін Оның ерекше бейнесі.

Неге Иса? Әлемнің басты діндеріне қарап, Будда, Мұхаммед, Конфуций және Мұса пайғамбарлардың барлығы өздерін мұғалімдер немесе пайғамбарлар деп таныстарғанын көреміз. Олардың бірде-біреуі өздерін Құдайға теңеген жоқ. Таңқаларлықтай, Иса өзін теңеді. Исаны басқалардың бәрінен бөліп тұратыны осы қасиеті. Ол Құдай бар және сендер оны көрдіңдер деген. Ол көктегі Әкесі туралы айтса да, оны бөлек қойған жоқ, барлық адамзат үшін ерекше онымен біртұтас болғанын айтты. Иса Оны көрген әркім Әкені көргенін, оған сенген әрбір адамның Әкеге сенгенін айтты. Ол былай деген, «Мен дүние үшін Нұрмын. Маған ерген кісі енді түнекте жүрмей, шынайы өмірдің Нұрына ие болады».14 Ол тек Құдайға тиесілі қасиеттер туралы мәлімдеді: адамдардың күнәларын кешіру, күнәкар әдеттерден босату, адамдарға ағыл тегіл мол өмір сыйлау және көктегі мәңгілік өмірді сыйлау. Адамдарды өз сөздеріне көңіл аудартқан басқа да мұғалімдерден айырмашылығы, Иса адамдарды өзіне қаратты. Ол: «Менің сөзімді ұстаныңдар, сонда шындықты табасыңдар» деп айтқан жоқ. Ол былай деген, «Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды».15

Иса Құдайлық болмысын дәлелдеу үшін қандай дәлел келтірді? Ол адамдар жасай алмайтын нәрсені істеді. Иса кереметтер жасады. Ол адамдарды сауықтырды … соқыр, мүгедек, құлағы естімейтін адамдарды сауықтырды, тіпті өлген бірнеше адамды тірілтті. Ол заттардың үстінен билік жүргізді … бірнеше мың адамнан тұратын халықты тамақтандыру үшін жеткілікті азық-түлікпен қамтамасыз етті. Табиғат құбылыстарына кереметтер жасаған … көлдің үстінде жүріп, кейбір достары үшін үлкен дауылға бұйрық беріп, тоқтатты. Адамдар әр жерде Исаның соңынан еріп жүрді, өйткені ол үнемі олардың қажеттіліктерін қанағаттандырып, керемет жасаған. Ол былай деген, «Егер сендерге айтып жүрген сөздеріме сенгілерің келмесе, онда «істеген кереметтеріме сүйеніп Маған сеніңдер».16

Иса Мәсіх Құдайды мейірімді, сүйіспеншілікке толы, біздің өз-өзімізге деген көзқарасымыз бен кемшіліктерімізді білетін, бірақ оған қарамастан бізбен терең қарым-қатынаста болуды қалайтындай көрсеткен. Иса бізді күнәкар деп есептегенімен және біз оның жазасына лайық болсақ та, бізге деген сүйіспеншілігін көрсетіп, басқаша жоспармен келген. Құдайдың өзі адам кейпінде арамызға келіп, біздің күнәларымыз үшін жазаны өзіне қабылдады. Ақымақтың ісі тәрізді естіледі? Мүмкін, бірақ көптеген сүйетін әкелер, егер мүмкін болса, рак ауруларымен ауыратын балаларымен өз орындарын қуана-қуана ауыстыруға дайын емес пе, егер қолдарынан келіп жатса. Киелі кітапта Құдай алдымен бізді жақсы көргендіктен, біз де оны сүйе алатын болдық делінген.

Біздің орнымызда Иса өлді сондықтан біз кешірім ала аламыз. Адамзатқа танымал барлық діндерден тек Иса арқылы ғана Құдайдың адамзатқа ұмтылуын көресіз, сөйтіп ол бізбен қарым-қатынас орнатуға жол ашады. Иса біздің қажеттіліктерімізді қанағаттандырып, өзіне жақындатып, бізге Құдайдың сүйіспеншілікке толы жүрегін ашып көрсетті. Исаның өлімі мен қайта тірілуі арқылы ол бізге жаңа өмірді ұсынды. Құдай бізді кешіре алады, бізді Құдай толық қабылдады және Құдай бізді шынайы сүйеді. Ол былай дейді: «Саған деген сүйіспеншілігім мәңгілік, берік мейіріміммен сені Өзіме баурап келемін».17 Бұл Құдай, оның әрекеті осындай.

Құдай тірі ме? Егер білгіңіз келсе, Иса Мәсіхті таныңыз. Былай деп жазылған ғой, «Өйткені Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады».18

Құдай бізді оған сенуімізге мәжбүрлемейді. Оның орнына, біз оған өз еркімізбен жауап беруіміз үшін жеткілікті дәлелдеме берген. Жердің күннен мінсіз қашықтықта орналасқаны, судың бірегей химиялық қасиеттері, адамның миы, ДНҚ, Құдайды білуге ынталанған адамдардың саны, Құдайдың бар-жоғын анықтау үшін жүрегімізде және ақыл-ойымыздағы кемістігіміз, Құдайдың Иса Мәсіх арқылы танымал болғысы келгендігі. Егер сіз Иса туралы көбірек білгіңіз келсе және оған сенуге негіздер тапқыңыз келсе, онда мынаны қараңыз: Соқыр сенімнен тысқары.

Егер сіз Құдаймен қарым-қатынасыңызды қазір бастағыңыз келсе, онда бастай аласыз.

Бұл сіздің шешіміңіз, мұнда ешқандай мәжбүрлеу жоқ. Бірақ егер сіз Құдайдың кешірімін алғыңыз келсе және онымен қарым-қатынаста болғыңыз келсе, онда тура қазір сіз одан кешірім сұрап және өміріңізге шақырып, солай істей аласыз. Иса былай деген: «Міне, Мен [сенің жүрегіңнің] есік алдына келіп, қағып тұрмын. Кімде-кім даусымды естіп, есік ашса, Мен оның жан дүниесіне еніп, онымен бірге «дастарқандас» боламын».19 Егер мұны істегіңіз келсе, бірақ қандай сөздермен айтуды білмей тұрсаңыз, онда былай деп айта аласыз: «Иса, менің күнәларым үшін өлгеніңе рақмет, менің өмірімді және мен кешірімге мұқтаж екенімді білесің. Қазір мені кешіріп, өміріме келуіңді сұраймын, мен сені шынымен білгім келеді, қазір өміріме келші. Менімен қарым-қатынаста болғың келетініне рахмет. Аумин!»

Құдай онымен қарым-қатынасыңызды мәңгі деп санайды. Иса Мәсіх өзіне сенетіндердің бәріне қатысты біз туралы айтқан болатын, «Мен оларды жақсы білемін, олар Маған еріп жүреді. Соларға мәңгілік өмір беремін. Олар ешқашан жойылмайды, ешкім оларды Менің қолымнан тартып та алмайды».20

Осы фактілерге қарап, сүйіспеншілікке толы Құдай бар және Оны тығыз қарым-қатынас арқылы, жеке жолмен тану мүмкін деген қорытынды жасауға болады.

 Мен жай ғана Исаны өз өміріме шақырдым (кейбір пайдалы ақпараттар легі)…
 Мен Исаны өз өміріме шақыруды қалауым мүмкін, өтініш, осыны толығырақ түсіндіріп берсеңіз…
 Менің сұрағым бар…

Сілтемелер: (1) Римдіктерге хат 1:19-21 (2) Еремия 29:13-14 (3) R.E.D. Кларк, Жаратылыс (Лондон: Тиндаль Пресс, 1946), б. 20 (4) Құдайдың жаратылысының кереметтері, Муди Ғылым Институты (Чикаго, ИЛ) (5) сол жерде (6) сол жерде (7) сол жерде (8) Хью Давсон, Көздің психологиясы, 5-ші басылымы (Нью Йорк: МакГро Хилл, 1991) (9) Роберт Ястров; "Профессор Робер Ястровтың хабары"; LeaderU.com; 2002. (10) Стивен Уайнберг; Алғашқы үш минут: Ғаламның пайда болуына заманауи көзқарас; (Бэйсик Букс,1988); б 5. (11) Динеж Д'Суза, Мәсіхшілік туралы ең жақсы нәрсе не; (Регнери Паблишинг, Инк, 2007, тарау 11). (12) Ричард Фейнман, Бәрінің мағынасы: Азамат-ғалымның ойлары (Нью Йорк: Бэйсик Букс, 1998), 43. (13) Фрэнсис С. Коллинс, Адам геномы жобасының директоры, және Құдайдың тілі кітабының авторы, (Фри Пресс,Нью Йорк, НЙ), 2006 (14) Жохан жазған Ізгі хабар 8:12 (15) Жохан жазған Ізгі хабар 14:6 (16) Жохан жазған Ізгі хабар 14:11 (17) Еремия 31:3 (18) Жохан жазған Ізгі хабар 3:16 (19) Аян 3:20 (20) Жохан жазған Ізгі хабар 10:27-29

Басқалармен бөлісу:  

TOP