Неліктен өмір сондай қиын?

“Неге?” Өмірдің қиын қыстауында жан тыныштығын қайдан табуға болады?

Осы дүниеде орын алып жатқан лаңкестік әрекеттер, сексуалды құлдық, нәсілшілдік, ашаршылық сияқты жан түршігерлік жайттарды қалай түсіндіре аламыз?

Санамыздың астарында оны өзіміз де аңғармай, сондай сұрақтарды өзімізге өте жиі қоятын да шығармыз. Ал саналы түрде біз ондай сұрақтарды сирек қоямыз. Күйбең тіршіліктен қол босамай, біз бір сәт кідіріп НЕГЕ деп сирек ойланамыз.

Алайда, көктен жай түскендей кенеттен бір жайсыз жағдай орын алады. Ата-анамыз ажырасады. Көшенің төмен жағында тұратын бір қызды ұрлап әкетеді. Туысқанымыз қатерлі ісік дертіне шалдығады. Осындай жайттар біраз уақытқа бізді «ұйқылы күйден» оятқандай болады. Ал сосын біз жиі қабылдамаудың шырмауына шырмалып батып кетеміз. Бұл тағы бір қайғылы жағдай, тағы бір санаға қонбайтын жайт соққы болып тимейінше жалғаса береді. Сонда ғана біз «Бұл жерде бір нәрсе дұрыс емес. Бір нәрсе шынымен де дұрыс емес. Өмір былай болмауы тиіс!» деп ойға шомамыз.

Сонымен, неліктен жаман нәрселер орын алады?

Неге бұл әлем жақсы жер емес?

НЕГЕ деген сұрақтың жауабы Киелі кітаптан табылады. Әйтседе, бұл көптеген адамдардың естігенді ұнататын жауап емес: әлемнің осындай күйде екенін, қандай-да бір мағынада, біз өзіміз тілеп алдық.

Оғаш естіледі ме?

Әлемді оның осындай күйінен не нәрсе немесе кім өзгерте алады? Не нәрсе немесе кім өмірді барлық уақытта барлық адамдар үшін ауру мен зардаптан азат ортаға айналдыра алады?

Ол Құдайдың қолынан келеді. Құдай соны істей алар еді. Бірақ Ол істемейді. Жоқ дегенде дәл қазір соны істемейді. Осының нәтижесінде біз Құдайға ашуланып «Құдайдың құдыреті күшті және адамзатты сүйгіш болуы мүмкін емес. Егер Ол расында сондай болса, онда бұл әлем осындай күйде болмас еді!» деп айтамыз.

Біз бұны осы мәселе бойынша Құдай райынан қайтатын шығар деген үмітпен айтамыз. Егер біз Құдайды кінәласақ, Ол райынан қайтып, жұмыс істеу әдісін өзгертеді деп үміттенеміз.

Бірақ Ол райынан қайтпайды. Неге қайтпайды?

Құдай райынан қайтпайды –дәл қазір Ол ешнәрсені өзгертпейді де - өйткені Ол бізге «Құдай жоқ, Құдай қажет емес деп Оған елемей қарайтын әлемді», яғни өзіміз тілеп алған нәрсемізді беріп отыр.

Адам ата мен Хауа ананың оқиғасы есіңізде ме? Олар «тиым салынған жемісті» жеді. Бұл жеміс Құдайдың оларға не айтқаны мен бергенін елемей, Құдайды сызып тастап, бөлек өмір сүру идеясы болған. Адам ата мен Хауа ана, Құдайсыз-ақ, Құдай сияқты боламыз деп үміттенді.

Олар бұл өмірде Құдайдың Өзінен де, Онымен жеке қарым-қатынастан да анағұрлым бір құнды нәрсенің бар екені жайлы түсініктің «дәмін татты». Ал бұл әлемдік жүйе – өзінің барлық кемшіліктерімен – олардың жасаған таңдауының нәтижесінен туындады.

Адам ата мен Хауа ананың оқиғасы бәріміздің оқиғамыз, солай емес пе? Мынадайды естіртіп айтпағанымен, іштей жүрегінде кім айтпады дейсің - Құдай, бұны мен Сенсіз де істей аламын деп ойлаймын. Мен бұны жалғыз өзім істеймін. Бірақ ұсынысыңа рақмет.

Біздің барлығымыз да өмірді Құдайсыз жөнге келтіруге тырысып бақтық.

Неге біз солай істейміз? Бәлкім, біздің барлығымыз да Құдайдан гөрі аңағұрлым маңыздырақ, анағұрлым құндырақ бір нәрсе бар деген түсініктің дәмін татқан шығармыз? Бұл әр түрлі адамдар үшін әр түрлі нәрселер болғанымен, ойлау тұрпаты бірдей: Құдай өмірдегі ең маңызды нәрсе емес. Шын мәнінде, бұның барлығын мен өзім-ақ Құдайсыз да тезірек істей аламын.

Құдайдың осыған берер жауабы қандай?

Құдай осыған жол береді. Көптеген адамдар басқалардың немесе өздерінің Құдайдың жолдарына қайшы келетін таңдауларының ауыр нәтижелерінің зардабын тартып жатады... кісі өлтіру, жыныстық зорлық-зомбылық, ашкөздік, алдау/алаяқтық, жала жабу, неке адалдығын бұзу, кісі ұрлау және тағысын тағы.

Осының барлығын өз өмірлеріне ықпал етуге Құдайға мүмкіндік бермеген адамдар арқылы түсіндіруге алады. Олар өз бетімен өмір сүріп, нәтижесінде өздері де, басқалар да зардап шегеді.

Осының барлығына Құдайдың көзқарасы қандай?

Ол тоқмейіл емес. Шын мәнінде, Құдайға алдыға қарай еңкейіп, жанашырлықпен, бізге шынайы өмірді беру үшін Өзіне бет бұруымызды үміттеніп күтіп тұратын Тұлға ретінде дұрыс көзқараспен қараған жөн.

Иса былай деген: «Қиналып қатты шаршап-шалдыққандар. Еңселерін тым ауыр жүк басқандар, Менің қасыма келіңдер, бәрің, жандарыңды Мен рақатқа бөлеймін!»1 Бірақ барлық адамдар бірдей Оған баруды қалай бермейді. Иса осы жайында былай деген: «Ей, Иерусалим қаласы, пайғамбарлардың көзін құртып, Құдай саған жіберген хабаршыларды тас лақтырып өлтіретін Иерусалим-ай! Балапандарын қанатының астына алған құс сияқты, Мен де сенің халқыңды қанша рет жинамақшы болдым. Бірақ сендер одан бас тарттыңдар!»2

Тағы да, Иса мәселені біздің Онымен қарым-қатынасымызға әкеп тірейді: «Мен дүние үшін Нұрмын. Маған ерген кісі енді түнекте жүрмей, шынайы өмірдің Нұрына ие болады».3

Ал өмірдің әділетсіздігіне тап болып, басымыз жамандыққа ұрынғанда не дейміз?

Өмірде өзіміздің емес, өзге біреудің тарапынан туындаған жан түршігерлік жағдайлар туралы не деуге болады? Біз өзімізді біреудің не бір жағдайдың құрбаны болғанымызды сезінгенде, Құдайдың Өзіне де басқалардың сондай жан түршігерлік қатынаспен қарағанын ұғынған пайдалы. Құдай сіздің басыңыздан не өтіп жатқанын өте жақсы түсінеді.

Бұл өмірде Исаны достары тастап қашып кеткенде, Оның біз үшін Өзіне сенбейтіндердің тарапынан айқышқа шегеленгенге дейін мазақталып, ұрып-соғылып, азапталып, содан кейін айқышқа шегелеп, жұрттың алдында масқаралап, баяу булығып өлгеннен асқан ауыр азап жоқ!

Ол бізді жаратты, дегенмен, Киелі Жазбаларда алдын ала айтылған пайғамбарлық сөздерді орындау үшін және бізді күнәларымыздан азат ету үшін адамзатқа сондай зұлымдықты жасауға жол берді. Бұл Иса үшін таңданатын нәрсе болған жоқ. Ол Өзін не күтіп тұрғанын, яғни барлық тартатын азап пен тауқымет, қорлықтан алдын ала хабардар болды.

«Иерусалимге өрлеп бара жатқанда Иса жолшыбай он екі шәкіртін бөлек шақырып алып, оларға өз басынан өткізетіндері туралы былай деді: «Енді Иерусалимге өрлеп бара жатырмыз. Сол жерде көктен келген Билеушіні басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдеріне сатып кетеді. Олар Оны өлімге кесіп, Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамдарына ұстап береді. Солар Оны мазақтап, қамшымен сабайды, ақырында айқышқа шегелеп өлтіреді. Алайда Ол үшінші күні қайта тіріледі!»4

Басыңыздың жаман бір нәрсеге душар болатыны жайлы білетініңізді көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Иса эмоциялық және психологиялық азапты зауалды түсінеді. Иса Өзін тұтқындауға келетін түнді біліп, дұға етуге кетеді, бірақ Өзімен бірге кейбір достарын ала барады.

«Ол Петірді және Зебедейдің екі ұлын Өзімен бірге ала кетіп, қайғырып қинала бастады. Осы үш шәкіртіне Иса: «Жаным өлердей қайғырып тұр. Осында қалып, Менімен бірге ұйықтамай, сергек болыңдар!» — деді. Иса сол жерден әрірек барып, етпетінен жығылып былай деп мінажат етті: «О, Әкем, мүмкін болса, (қаһарыңа толы) осы «тостағанды» Маған жолата көрме. Алайда Менің емес, Сенің еркіңе сай болсын!»5

Иса Өзінің үш досына сенім артқанымен де, олар Оның тартатын азапты тауқыметінің тереңдігін түсінбеді, ал Иса дұға етіп қайтып келгенде, достарының ұйықтап жатқанын көреді. Иса ауыр азап пен қатты қайғы-қасіретті бастан кешудің не екенін түсінеді.

Міне мына аяттарда осыған Жохан өзінің Ізгі хабарында былай қорытынды сипаттама береді: «Ол бұл дүниеде бар еді, бірақ әлемді жаратқан Сол болса да, адамдар Оны таныған жоқ. Өзі таңдап алған халқына келгенімен, олар Оны қабылдамады. Бірақ Оны қабылдап, Оған сенім артқандардың бәрін Ол Құдайдың рухани балалары болуға құқықты етті».6 «Құдай Өзінің рухани Ұлын адамзатты соттауға емес, құтқаруға жіберді. Өйткені Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады».7

Бұл дүниеде ауыртпалық пен қатты азаптың барына еш күмән жоқ.

Олардың кейбіреулері басқалардың тарапынан туындайтын өзімшілдік, жек көрушілік әрекеттерімен түсіндіріледі. Кейбіреулеріне түсініктемені осы өмірден көреміз. Бірақ Құдай бізге Өзін ұсынады. Құдай бізге Өзінің де сондай ауыртпалықтарды басынан өткергенін әрі біздің ауыртпалықтарымыз бен мұқтаждықтарымызды білетінін білдіреді. Иса шәкірттеріне былай деді: «Мен сендерге амандық пен тыныштық сыйлаймын, Өзімнің тыныштығымды беремін. Менің беретінім осы дүниенің беретін өткінші тыныштығы сияқты емес, сондықтан көңілдерің қобалжып, қорықпаңдар».8

Қорқу мен қобалжудың жеткілікті себебі бар, бірақ Құдай біздің алдымызда тұрған мәселемізден де жоғары Өзінің жан тыныштығын бере алады. Сайып келгенде, Ол - Құдай, Ол - Жаратушы. Әрқашан бар болған Құдай. Бүкіл ғаламды жаратқан Құдай.

Ол құдырет иесі болғанымен де, бізді жақыннан танитын, тіпті ең кішкентай, болмашы егжей-тегжейлерді де білетін Құдай. Егер біз Оған өмірімізді сеніп тапсырсақ, Оған арқа сүйесек, қиыншылықтарға кезіккенімен, Ол біздің жанымызды қауіпсіздікте сақтап тұрады.

Иса былай деген: «Мен бұларды сендер Менімен тығыз байланыста тұрып, тыныштыққа кенелсін деп айттым. Күнәкар дүниеде қысымшылық көресіңдер; алайда батыл болыңдар: Мен осы дүниені жеңіп шықтым!»9 Ол біздің ең зор қаупіміз - өлім арқылы өтіп, оны жеңіп шықты! Егер біз Оған сенім артатын болсақ, Ол бізді осы өмірдің қиын жағдайларынан алып өтіп, мәңгілік өмірге жеткізе алады.

Біз осы өмірден не Құдаймен бірге, не Онсыз өте аламыз.

Иса былай мінажат еткен: «Әділетті Әке, осы дүние Сені түсінген жоқ, ал Мен Сені түсінемін. Мені Өзіңнің жібергеніңе шәкірттерімнің көздері жетті. Маған деген сүйіспеншілігің солардың ішінде де болсын және Өзім де олардың өмірлерінен орын алайын деп оларға Сенің қасиеттеріңді білдірдім және білдіре беремін де».10

Сіз өзіңізден: «Неліктен өмір сондай қиын?» деп сұрауыңыз мүмкін. Құдайсыз адамзат оп-оңай жек көрушілік, нәсілшілдік, сексуалдық зорлық-зомбылық, бір-бірін өлтіруге килігетін болады.

Иса былай деген: «Ұры ұрлап, сойып, құрту үшін келеді. Ал Мен адамдар шынайы өмірге ие болсын және өмірі рухани игілікке толы ағыл-тегіл мол болсын деп келдім»11 Құдаймен қарым-қатынасты қалай бастау керектігі жайлы білгіңіз келсе, Құдайды жеке тану мақаласын қарап шығыңыз.

 Менің сұрағым бар…
 Құдаймен қарым-қатынасты қалай бастау қажет?

Сілтемелер: (1) Матай жазған Ізгі хабар 11:28 (2) Матай жазған Ізгі хабар 23:37 (3) Жохан жазған Ізгі хабар 8:12 (4) Матай жазған Ізгі хабар 20:17-19 (5) Матай жазған Ізгі хабар 26:37-39 (6) Жохан жазған Ізгі хабар 1:10-12 (7) Жохан жазған Ізгі хабар 3:17,16 (8) Жохан жазған Ізгі хабар 14:27 (9) Жохан жазған Ізгі хабар 16:33 (10) Жохан жазған Ізгі хабар 17:25,26 (11) Жохан жазған Ізгі хабар 10:10

Басқалармен бөлісу:  

TOP