Тұрақсыз әлемдегі жан тыныштығы

Болашақтың не дайындап тұрғанына қарамастан, сіз жан тыныштығы мен сенімділікке ие бола аласыз.

Әлемде не жеке өмірімізде қандай жағдай болмасын, тұрақтылыққа бет бұратын жер бар ма? Әлемдегі және өмірдегі жағдайларға қарамастан, біз болашаққа үмітпен қарай аламыз ба? Бүгінде көптеген адамдар Құдайдың құндылығын тұрақтылықтың қайнар көзі ретінде көруде. Бізді қоршаған орта үнемі өзгеріп отырады, бірақ Құдай өзгермейді. Ол – тұрақты, сенімді. Ол былай дейді: «Менен өзге құдай бар ма? Менен басқа қорғандарың жоқ, Маған біреуі де мәлім емес!».1 Құдай әрдайым жанымызда. Оған сенім артуға болады. Ол «кеше, бүгін және мәңгілік Өзі болып қала береді».2 Біздің жанымызды тыныштыққа, жүректерімізді қауіпсіздік сезіміне бөлеп, Құдай бізге Өзін таныта алады.

Жан тыныштығына бөлену мүмкін бе?

Станфорд университетінің түлегі Хэзер осыны былай түсіндірді: «Құдаймен шынайы өмірде қарым-қатынаста болу - күнделікті өмірдің таңқаларлық та әдемі шынайылығы».

Осы «ғарыштық қатынасты» мен әлемдегі ешнәрсеге айырбастамаймын. Құдайдың мені жақсы білетіні мен қатты сүйетінін түсініп, мен енді соған лайықты қарым-қатынас жасаймын деген үміттемін».

Гемофилия дертімен ауыратын Стив Сойер деген жігіт, жаман қан құюдың салдарынан АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) жұқтырғанда, өмірде тұрақтылықты іздейді. Бастапқыда Стив қатты торығып, жаны күйзеледі. Ол Құдайды айыптайды. Содан кейін ол Құдайға жүгінеді. Нәтижесі: өмірінің соңғы жылдарында Стив (жанын жегідей жеген ауруға шыдап) көптеген жоғары оқу орындарына барып, өзі қатарлас студенттерге олардың қалай Құдайды танып-біле алатыны және Құдайды танудан өзіне жан тыныштығын тапқаны жайлы айтып жүрді. Құдай былай деген: «Мен сендерге амандық пен тыныштық сыйлаймын, Өзімнің тыныштығымды беремін. Менің беретінім осы дүниенің беретін өткінші тыныштығы сияқты емес, сондықтан көңілдерің қобалжып, қорықпаңдар. Мен бұларды сендер Менімен тығыз байланыста тұрып, тыныштыққа кенелсін деп айттым. Күнәкар дүниеде қысымшылық көресіңдер; алайда батыл болыңдар: Мен осы дүниені жеңіп шықтым!».3

Стив сияқты, басқалар да өмірде қандай жағдай болмасын бұл «әлемнің ақыры емес», өйткені бұл әлем – өмірдің соңы емес дегенді үйренді.

Жертасалардың Құдайы

Жұрттың бәрі мойындайтын бір жайт - көптеген адамдар Құдайға бет бұруды бастарына қатты қиындық туғанға дейін күтеді. Екінші дүниежүзлік соғыстың әскери діни қызметкері былай деген: «жертасада атеисттер болмайды». «Көңіл тоқ, көйлек көк» кездері адамдар Құдайға мұқтаж екендерін сезбейді. Бірақ бұл көбінесе өміріміздің былығып, шыға алмас орға түскенімізді ұғынғанда өзгереді.

Карин есімді бойжеткен өзінің Құдайға келген жолын былай түсіндіреді: «Мен жексенбі күндері қауымға барып жүргендіктен, өзімді мәсіхшімін деп ойлайтынмын, бірақ менде Құдайдың кім екені туралы ешқандай түсінік болған жоқ. Менің жоғары сыныптағы соңғы жылымның алдыңғы үш жылдан ешқандай айырмашылығы болмады. Уақытымның басым көпшілігін мен ішімдікке, есірткіге немесе өзімді сүйетін біреуді табуға тырыстым. Мен өмірімді басқарудан айырылып, ішкі жан-дүнием ақырын өле бастады. Бұл менің өмірмен қош айтысып кеткім келген кез болатын, дегенмен, мен егер колледжге түсіп кетсем, онда қайткенде де бір үмітті табуым керек екенін білдім. Сол кезде мен Құдайдан өміріме келуін сұрадым. Құдай маған сүйіспеншілігін, қорғанышын, кешірімін, қолдауын, жұбанышын, қабылдауын және өмір сүруге деген мақсатты көрсетті. Ол – менің күш-қуатым, және Ол болмағанда мен қазір осында болмас едім».

Болашақтың не дайындап тұрғанын кім біледі? Көптеген адамдар өздерін жертасада жатқандай сезінуі мүмкін. Өмір шайқас алаңына айналып, біздің жан тыныштығымыз қатты шайқалуы мүмкін. Шайқастың қызған сәтінде, біз көбінесе Құдайға бет бұра бастаймыз. Солай істегеніміз жақсы, өйткені Құдай уәдесіне берік әрдайым жанымыздан табылады, және шын мәнісінде біздің өмірімізге араласқысы келеді. Ол былай дейді: «Мен Жаратқан Иемін, Менен басқа Құтқарушы жоқ! Енді теріс жолыңнан қайтып, бет бұр Өзіме! Мен қамқоршың болып құтқарып, кешірдім!».4

Рас, адамдар Құдайға «балдақ» ретінде қарайды, ал расында Ол жалғыз сенімді тіренішіміз болып табылады.

Көрінбейтін жертасалар

Дегенмен, кейбір адамдар өмірлерінде барлығы жақсы бола тұра Құдайға бет бұрады. Джон есімді жігіт оны былай түсіндірді: «Жоғары курста мен, адамдардың ойынша, өзімді қанағаттандыратындай барлық нәрсеге қол жеткіздім – студенттер қалашығының жетекшісі болдым, сауық кештерін де қалдырмадым, сабағымды жақсы оқыдым, мені ұнататын қыздармен жүрдім.

Колледжде оқып жүрген кездегі қол жеткізген барлық жетістіктерім өте шықты, әйтседе, одан әлі де көңілім толмады. Жанымда бір нәрсе жетпей тұрғандай болды, басқа барар жер қалмады. Әрине, ешкім менің өмір жайлы іштей осындай күйде жүргенімді білмеді, өйткені мен оны сырттай көрсетпейтінмін».

Тіпті бәрі дұрыс жүріп жатқандай көрінгенмен, өмір жұрттың көзіне көрінбейтін, тек жүрекпен сезуге болатын ішкі жертаса сияқты болуы мүмкін. Беки есімді бойжеткен осы құбылысты былай суреттеді: «Қаншама рет сіз егер мен сол киімді сатып алсам, не анау жігітпен жүрсем, не бір жерге демалуға барсам, сонда ғана өмірім бақытты, көңілім тоқ болар еді ойладыңыз? Ал, қаншама рет сіз сол көйлекті сатып алғанда не әлгі жігітпен жүргенде не қалаған жеріңізге демалуға барғанда, жүрегіңізде бұрынғыдан да бетер бос қуысты сезіндіңіз?»

Өзімізді жертасада бұғып жатқандай күйде сезіну үшін, бізге сәтсіздікке ұшыраудың не қайғыға тап болудың қажеті жоқ. Көбінесе жүрегімізде жан тыныштығының жетіспеушілігі – өмірімізде Құдайдың жоқтығының салдары болып табылады. Беки Құдайға бет бұрғаннан кейін былай деді: «Сол уақыттан бері менің өмірімде көптеген қиыншылықтар мен өзгерістер болды, бірақ мен осының барлығына жаңа көзқарас тұрғысынан қарап, менің жанымда сүйгіш, мәңгі Құдай барын білетін болдым. Құдаймен бірге істей алмайтын ешнәрсенің жоқ екеніне сенемін - ал көңіл толуына келсем, сонша қатты іздеген жан тыныштығын ақыры таптым!».

Өмірімізге Құдай араласса жанымыз тыныштық табады. Оны жақыннан танып-білу және Киелі кітап арқылы бізге айтатынын тыңдау арқылы, Ол жанымызды тыныштыққа бөлейді, өйткені біз Оны танимыз. Оның сенімділігі мен бізге деген қамқорлығын түсіну арқылы, біз өмірге Оның көзқарас тұрғысынан қараймыз. Сондықтан да, болашақ бізге не дайындамасын, біз үмітімізді тұрақты Құдайға арта аламыз. Егер біз Құдайдың жүзін іздеп, Оған бет бұрсақ, Ол Өзінің шынайылығын біздің өмірімізде дәлелдеуді күтіп отыр.

Берік Жартастың үстіне қалау

Сіз өміріңізді қандай негізге қалап жатырсыз? Сенесіз бе, жоқ па, кез келген адам бір нәрсенің үстіне негіз қалайды. Біздің әрқайсымыздың негізіміз бар, ол - біздің үміт артып, сенген нәрсеміз. Мүмкін біз өзімізге сенетін шығармыз - «Егер мен қатты тырыссам, өмірімді табысты ете алатынымды білемін». Немесе, өмір сүру салты - «Егер мен жеткілікті ақша тапсам, өмірім керемет болады». Не, тіпті уақыт кезеңі - «Болашақ өмірімді өзгертеді».

Құдайдың көзқарасы басқа. Ол былай дейді - өзіне, басқа адамдарға немесе осы әлем ұсынатын кез келген нәрсеге үміт артып, сену тұрақсыз негіз дейді. Оның орнына, Құдай біздің Оған сенім артқанымызды қалайды. Ол былай дейді: «Осы айтқандарымды тыңдап, оларды орындаған әркім үйін берік тастың үстіне қалап салған көреген адамға ұқсас болады. Жаңбыр жауып, өзендер тасып, дауыл тұрып үйді соққылағанда, ол құламайды. Себебі оның іргетасы берік тасқа қаланған. Алайда осы айтқандарымды естісе де, орындамаған әркім үйін құм үстіне салған ақымаққа ұқсайды. Жаңбыр жауып, өзендер тасып, дауыл тұрып үйді соққылағанда, ол опырылып құлап қалады».5

Апат пен зілзала төнген кездері Құдайдың өмірімізге араласуына мүмкіндік беру даналы әрекет. Бірақ Құдайдың бізге деген ниеті – қандай жағдай болмасын, өміріміздің игіліктерге ағыл-тегіл мол болғаны. Ол біздің өміріміздің әрбір саласына оң әсер етуді қалайды. Біз Оған және Оның сөздеріне үміт артқанда, өмірімізді берік Жартастың үстіне қалағанымыз болып табылады.

Ең жоғары жан тыныштығы

Кейбір адамдар мультимиллионердің баласы болғандықтан немесе жақсы бағаларды оп-оңай ала алатындықтан өздерін қауіпсіздікте сезінеді, Одан да зор қауіпсіздік бар, ол - Құдаймен жеке қарым-қатынаста болу.

Құдай - құдіретті. Бізге қарағанда Құдай ертең, келесі аптада, келесі жылы, алдағы онжылдықта не болатын біледі. Ол былай дейді: «Жалғыз Мен ғана шынайы Құдаймын, Менен өзге құдай жоқ, Маған ұқсас ешкім де болмайды! Ақырғы жайттарды әуел бастан-ақ және әлі істелмеген істерді баяғыдан-ақ алдын ала білдіріп келемін».6 Ол болашақта не болатынын біледі. Ең маңыздысы, Ол сіздің өміріңізде не болатынын біледі, және де, болуы тиіс нәрселер орын алғанда Ол сіздің жаныңызда болады, егер сіз Оны өміріңізге шақырған болсаңыз. «Құдай — біздің панамыз да күшіміз, Қиын кезде сенімді көмекшіміз» боламын дейді Ол.7

Бірақ біз Оның жүзін шын жүректен іздеуіміз керек. Ол былай дейді: «Егер де Маған шын жүректен бет бұрып сиынып Мені іздесеңдер, табасыңдар».8

Бұл Құдайды танитындар қиыншылық уақыттарды бастарынан өткермейді дегенді білдірмейді. Олардың да басына қиын кезеңдер төнеді. Егер біздің халқымыз лаңкестік шабуылдарға, экономикалық дағдарысқа не табиғи апаттарға душар болса, олар Құдайды танитындарды да қамтитын болады. Әйтседе, Құдайдың қатысуы жанымызды тыныштыққа, бойымызды күш-қуатқа бөлейді. Иса Мәсіхтің соңынан ерген бір шәкірті сол туралы былай деген: «Жан-жақтан қысым көрудеміз, бірақ тапталған жоқпыз, шарасыз болып қысылудамыз, бірақ үмітімізді үзген жоқпыз. Қуғынға түссек те, Тәңір Ие бізді жалғыз қалдырған жоқ; жығылсақ та, жойылмаймыз».9 Шынайылық бізге қиындықтарға тап болатынымызды айтады. Алайда, егер біз сол қиыншылықтардан Құдаймен бірге өтетін болсақ, біз оларға басқа көзқараспен қарайтын боламыз және қиыншылықтарға өз күшімізбен емес, Құдайдың күшімен төзе аламыз. Құдай үшін еңсерілмейтін мәселе жоқ. Ол бізге соққы беретін барлық мәселелерден де жоғары және сол мәселелерді шешуде бізді жалғыз тастап кетпейді.

Құдай - қамқоршы. Біздің өмірімізде көрінетін Құдайды айбынды құдіреті, Оның терең сүйіспеншілігімен етене жүреді. Болашақта әлемде бұрын соңды адам көзі көрмеген тыныштық орнайтын кезең, немесе көптеген ұлтаралық қақтығыстар мен зорлық-зомбылық, ажырасулардың көбеюі және орын алатын кезең болуы мүмкін. Қайткен жағдайда да, Құдайдан артық бізді ешкім сүйе алмайды. Құдай сияқты ешкім де бізді қамқорлай алмайды. Оның сөзінде былай делінген: «Жаратқан Ие ізгі, басыңа қиындық түскен кезде Ол паналайтын қорғаның болады. Өзіне сенім артқандарды Ол жақыннан танып біледі».10 «Барлық уайымдарыңды Құдайға сеніп тапсырыңдар, себебі Ол қамдарыңды ойлайды!».11 Және де: «Жаратқанның бар жолдары әділетті, Иә, Оның күллі істері игілікті: Иеміз Өзіне сиынғандардың жанында, Ол шынайы шақырғандардың қасында, Өзін қастерлейтіннің тілегін орындайды, Жалынышын естіп, оны аман сақтайды».12

Иса Мәсіх Өзінің шәкірттеріне мынадай жұбаныш сөздерін айтқан: «Екі торғайды бір теңгеге сатпай ма? Дегенмен көктегі Әкелеріңнің еркінсіз бірде-бір торғай жерге құлап түспейді. Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да Оған белгілі! Сондықтан адамдардан қорықпаңдар: Құдай үшін сендер көптеген торғайлардан да әлдеқайда қымбатсыңдар!».13 Егер сіз Құдайға бет бұратын болсаңыз, ол сізді Өз қамқорлығына алады, ондай қамқорлықты сізге ешкім ешқашан көрсетпеген де, көрсете де алмайды.

Құдайдан келетін жан тыныштығы

Біз болашақтың не дайындап қойғанынан беймәлімбіз. Егер болашақ қиын-қыстау кезеңдерін алып келсе, Құдай біздің жанымыздан болады. Егер болашақ жеңіл кезеңді алып келсе, біз бәрібір ішкі қуысты толтыру үшін және өмірімізге мағына беру үшін Құдайға мұқтажбыз. Айтылатыны айтылып, жасалатыны жасалғаннан кейін, енді ең маңыздысы не? Ең маңыздысы, біздің Құдайдан ажырап қалмағанымыз. Біз Құдайды танимыз ба? Ол бізді таниды ма? Біз Оны жүрегіміздің төрінен шығарып тастаған жоқпыз ба? Әлде, Оған жүрегіміздің төрінен орын бердік пе? Құдайды жақынан танып-білуіміз арқылы Ол жан-дүниемізді өзгертіп, үміт береді. Онымен қарым-қатынаста болу арқылы біз басымыздан өтетін барлық жағдайларда да жан тыныштығына ие бола аламыз.

Неліктен Құдай өміріміздің төрінен орын алуы қажет? Өйткені Құдайды танып-білмей бізде шынайы жан тыныштығы мен үміт атаулы мүлдем болмайды. Ол Құдай, ал біз олай емеспіз. Ол бізге тәуелді емес, қайта біз Оған тәуелді болуымыз қажет. Ол бізді өмірімізде Оның қатысуына мұқтаж болсын деп жаратты. Біз өз өмірімізді Оның қатысуынсыз сүруге тырысуымыз мүмкін, бірақ бәрі бекер болады.

Құдай біздің Өзін іздегенімізді қалайды. Ол біздің Өзін жақыннан танып-білгенімізді және Оның өмірімізге араласуына мүмкіндік бергенімізді қалайды. Бірақ бір мәселе бар: біз барлығымыз Оны кіргізбей жүрегімізді жауып алғанбыз. Киелі кітап мұны былай суреттейді: «Барлығымыз адасқан қойлардай тентіреп, өз бетімізбен жүрдік».14 Біздің барлығымыз да өз өмірімізді Құдайсыз сүруге тырысып бақтық. Киелі кітап бұны «күнә» деп атайды.

Жоғарыда мысалға келтірген Хэзер есімді бойжеткен, күнә туралы былай дейді: «Мен Стэнфорд университетіне түскенде мәсіхші емес едім. Сол кезде әлем менің табанымның астымда түбегейлі өзгерістердің болуын күтіп жатқан болатын. Мен саяси жиындарға қатысатынмын, нәсілшілдік және әлеуметтік әділдік мәселелері бойынша сабақтарға қатыстым және қоғамдық қызмет көрсету орталығының жұмысына басыммен кіріп кеткен болатынмын. Әлемде елеулі өзгерістер жасау үшін өз бойымдағы күшке сенетінмін. Мен жағдайы нашар отбасылардан шыққан балалар оқитын бастауыш мектепте балалардың сабақтарына көмектесетінмін; баспанасыз жетім балаларға арналған күндізгі лагерді басқаратынмын; аш адамдарды тамақтандыру үшін тамақ қалдықтарын жинайтынмын. Дегенмен, мен қаншалықты әлемді өзгертуге тырысқан сайын, соншалықты көңілім қалатын. Мен бюрократиямен, селқостықпен... күнәмен қақтығыстым. Мен адамзаттың табиғаты «күрделі жөндеуге» мұқтаж шығар деп ойлай бастадым».

Жан тыныштығы = Құдаймен татуласу

Уақыттың өзгеруі мен технологияның жаңаруы жалпы жағдайды өзгерте қоймайды. Неге? Өйткені біздің адамзат ретіндегі басты мәселеміз – өзіміздің Құдайдан алшақтап кетуімізде. Біздің ең үлкен мәселелеміз тәни емес, рухани мәселе. Құдай осыны біледі, сондықтан да біздің Одан ажырап қалғанымыздың шешімін Өзі қамтамасыз етті. Иса Мәсіх арқылы Құдай бізге Өзіне апаратын жолды ашып берді.

Киелі кітап былай дейді: «...Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады».15 Иса Мәсіх біздің орнымызға, біздің күнәларымыз үшін айқыш ағашқа шегеленді (өлім жазасының көне түрі). Ол өліп, қабірге қойылып, сосын өлімнен қайта тірілді. Оның құрбандық өлімінің арқасында біз Құдаймен қарым-қатынас жасай аламыз - «Бірақ Оны қабылдап, Оған сенім артқандардың бәрін Ол Құдайдың рухани балалары болуға құқықты етті».16

Бұл расында өте оңай: Құдай бізбен кемелді қарым-қатынаста болғысы келеді, сондықтан да Иса Мәсіх арқылы Ол осы қарым-қатынасты орнатты. Ал Құдайдың жүзін іздеу мен Оны өмірімізге шақыру біздің тарапымыздан жасалуы тиіс әрекет. Көптеген адамдар мұны мінажат арқылы істейді. Мінажат дегеніміз - Құдаймен ашық әңгіме. Дәл қазір сіз шын жүректен Құдайға былай мінажат ете аласыз: «Құдай, мен Сені танып-білгім келеді. Осы уақытқа дейін мен Саған өмірімнен орын бермеген едім, енді осыны өзгерткім келеді. Менің Сенен ажырап қалған мәселе бойынша Өзің қамтамасыз еткен шешімді қабылдағым келеді. Менің кешірілуім және Сенімен қарым-қатынасты орната алуым үшін менің атымнан Өз жанын өлімге қиған Исаның құрбандығына сенім артамын. Бүгіннен бастап ары қарай менің өміріме араласқаныңды қалаймын».

Сіз шын жүректен Құдайдан өз өміріңізге келуін сұрадыңыз ба? Бұны тек сіз бен Ол ғана біледі. Егер сіз шын жүректен мінажат еткен болсаңыз, онда сізді алда көптеген нәрселер күтіп тұр. Құдайдың сіздің Өзімен қарым-қатынастағы қазіргі өміріңізді зор рақатқа бөлеуді уәде етеді.17 Ол сіздің жан-дүниеңізден Өзінің үйін жасауға уәде етеді.18 Және, Ол сізге мәңгілік өмір береді.19

Мелисса есімді бойжеткен Құдай туралы былай деген: «Мен өте жас кезімде, не болып жатқанын түсінбейтін жасымда, анам әкемнен ажырасып кетті. Менің бар білгенім әкемнің енді үйге келмейтіні еді. Бір күні мен әжемнің үйіне барып, оған: «Неге әкем мені ренжітіп, сосын жоқ болып кетті, мен осыны түсінбеймін» деп айттым. Ол мені бауырына басып былай деді: «Сені ешқашан да тастамайтын Біреу бар, Ол – Иса». Ол Киелі кітаптан Еврейлерге арналған хаттың 13:5 және Забур 67:6 аяттарын келтірді: «Мен сені ешқашан тастап та кетпеймін, жалғыз да қалдырмаймын», және «Ол жетім-жесірлердің Әкесі болады». Құдайдың менің Әкем болғысы келетіні мені қатты қуантты».

Айналаңыздағы әлемде қандай жағдай болмасын, Құдайдың жаныңыздан табылатыны туралы шындықты білуден орнайтын жан тыныштығы бар. Болашақ не дайындамасын, уәдесіне берік тұрақты Құдай жаныңызда.

 Мен жай ғана Исаны өз өміріме шақырдым (кейбір пайдалы ақпараттар легі)…
 Мен Исаны өз өміріме шақыруды қалауым мүмкін, өтініш, осыны толығырақ түсіндіріп берсеңіз…
 Менің сұрағым бар…

Сілтемелер: [1] Ишая 44:8 және Малахия 3:6 Киелі кітапта [2] Еврейлерге хат 13:8 [3] Жохан жазған Ізгі хабар 14:27 және 16:33 [4] Ишая 43:11 және Ишая 45:22 [5] Матай жазған Ізгі хабар 7:24-27 [6] Ишая 46:9-10 [7] Забур 45:2 [8] Еремия 29:13 [9] Қорынттықтарға 2-хат 4:8-9 [10] Нахум 1:7 [11] Петірдің 1-хаты 5:7 [12] Забур 144:17-19 [13] Матай жазған Ізгі хабар 10:29-31 [14] Ишая 53:6а [15] Жохан жазған Ізгі хабар 3:16 [16] Жохан жазған Ізгі хабар 1:12 [17] Жохан жазған Ізгі хабар 10:10 [18] Жохан жазған Ізгі хабар 14:23 [19] Жоханның 1-хаты 5:11-13

Басқалармен бөлісу:  

TOP